MINING AND METALS CENTRAL ASIA 2026 ЖӘНЕ KAZCOMAK 2026: ҚАЗАҚСТАН ЕУРАЗИЯНЫҢ ТАУ-КЕН ӨНДІРУ ЖӘНЕ МЕТАЛЛУРГИЯ ИНДУСТРИЯСЫНЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ РЕТІНДЕГІ ОРНЫН НЫҒАЙТУДА
16–18 қыркүйек аралығында Алматы қаласында 31-ші Орталық Азия халықаралық «Тау-кен жабдығы, рудалар мен минералдарды өндіру және байыту» — Mining and Metals Central Asia көрмесі және 22-ші Қазақстандық халықаралық «Жол және өнеркәсіптік құрылыс, коммуналдық техника» — Kazcomak 2026 көрмесі өтеді.
Өңірдің басты салалық іс-шарасы жабдық өндірушілерді, жер қойнауын пайдаланушыларды, металлургиялық компанияларды, инвесторларды, инжиниринг ұйымдарын, ғылыми-зерттеу орталықтарын және мемлекеттік даму институттарының өкілдерін біріктірмек.
2026 жылы іс-шараға 30 елден рекордтық 520 компания қатысады: Аустралия, Аустрия, Беларусь, Ұлыбритания, Германия, Грекия, Үндістан, Испания, Италия, Қазақстан, Канада, Қырғызстан, Қытай, Кипр, Латвия, Нидерланд, БАӘ, Польша, Ресей, АҚШ, Түркия, Өзбекстан, Украина, Финляндия, Франция, Хорватия, Чехия, Швейцария, Оңтүстік Африка және Оңтүстік Корея. Аустрия, Германия, Канада, Қытай, Ресей, Түркия және Финляндия ұлттық топтармен таныстырылады. 62 компания өз шешімдерін Қазақстан нарығында алғаш рет ұсынып, халықаралық бизнестің Қазақстан мен Орталық Азияға деген қызығушылығының артып келе жатқанын растайды.
Іс-шараның жалпы ауданы 20 000 шаршы метрден асады, оның ішінде 3 000 шаршы метрден астам ашық алаңдағы экспозицияда тау-кен жұмыстарына арналған ауыр техника мен жабдықтың шамамен 150 бірлігі ұсынылады.
Ауқымды экспозициямен қатар, қатысушылар мен келушілерді 8 және 11-павильондардың конференц-залдарында өтетін мазмұнды екі күндік іскерлік бағдарлама күтеді. Негізгі іс-шаралардың бірі өндірістік тізбектерді дамытуға, шикізатты терең өңдеуге, қосылған құны жоғары өнім өндіруге, реттеуші ортаны жетілдіруге және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған «Критикалық минералдар және Қазақстанның ТМК болашағы: ресурстардан жобаларға дейін» пленарлық сессиясы болмақ.
Көрме аясында Қазақстанның тау-кен өндіру және геология салаларының келешегін талқылауға арналған сараптамалық алаң – GEOTECH FORUM өтеді. Қазақстан тау-кен палатасының қолдауымен ұйымдастырылған форумның бірінші блогы «Қазақстанның жаңа саяси архитектурасы және тау-кен саласының болашағы», ал екінші блогы «Цифрлық ТМК: автоматтандырудан зияткерлік басқару мен роботтандыруға дейін» тақырыбында өтеді.
Кәсіпорындардың цифрлық жетілуіне, жасанды интеллектіні қолдануға және жаңа технологияларды өндірістік процестерге енгізуге арналған мамандандырылған AI Stage жеке бағыт болмақ. Алаңның басты спикері ретінде тау-кен саласындағы цифрлық трансформация және жасанды интеллект бойынша жетекші халықаралық сарапшылардың бірі, BHP, Vale және Newmont компанияларымен жұмыс істеген және ТМК саласында жасанды интеллектіні қолдану жөніндегі көптеген жарияланымның авторы доктор Али Суфастаи (Аустралия) сөз сөйлейді.
Іскерлік бағдарламаны Epiroc, Sandvik, CIDRA Minerals Processing Inc және Норсервис компанияларының семинарлары, канадалық топтың семинары, «Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығы» ЗТБ-мен (ТМКҚ) бірлесіп өткізілетін дөңгелек үстел, сондай-ақ салалық журналдың таныстырылымы толықтырады.
Mining and Metals Central Asia 2026 – мемлекет, бизнес және сарапшылар қауымдастығының өкілдері Қазақстан мен Орта Азияның тау-кен өндіру және металлургия салаларының дамуын айқындайтын жаңа индустриялық жобаларды, инвестициялық мүмкіндіктер мен технологиялық шешімдерді талқылайтын алаң.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, Алматы қаласы әкімдігінің, Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының және Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының (ТМКҚ) ресми қолдауымен өткізіледі.
KAZCOMAK — Қазақстандағы ірі мамандандырылған көрме. Ол жыл сайын карьерлерді игеру, асфальт өндіру, өнеркәсіптік нысандар салу, жол және тұрғын үй-коммуналдық құрылыс, сондай-ақ жол жөндеу жұмыстарына арналған техника мен жабдықтар өндіретін жетекші қазақстандық және халықаралық компанияларды бір алаңда біріктіреді.
Биыл көрмеге АвтоБрэнд, Евразия Техмашинери, Зенит Инвест, Камаз Евро Сервис, Курылыс техника, Спец-Авто, Borusan Cat Казахстан, Globus Machinery, Sevalo Engineering Machinery Kazakhstan және басқа да компаниялар қатысады.
Қатысушылар көрме алаңында жүк көтергіш, жол-құрылыс және қойма техникасын, тау-кен және карьерлік техниканы, шынжыр табанды экскаваторларды, фронталды және телескопиялық тиегіштерді, шағын экскаваторларды, бульдозерлер мен грейдерлерді, асфальт-бетон зауыттарына арналған жабдықтарды және басқа да заманауи шешімдерді ұсынады.
Mining and Metals Central Asia 2026 іс-шарасының серіктестері – «КОМПОЗИТ» ҒӨБ, ALTYNARNA GEOSYNTHETICS және «МЕЛИТЭК ҚАЗАҚСТАН» ЖШС.
Іс-шараны қазақстандық Iteca көрме компаниясы ICA Events компаниялар тобы халықаралық серіктесімен бірлесіп ұйымдастырады.
- 106 қаралды
